Өмірдің қысқалығы

Birzhan Moldagaliyev
3 min readOct 14, 2022
https://www.nature.org/en-us/get-involved/how-to-help/animals-we-protect/monarch-butterfly/

Өмірдің қысқалығы туралы дана цитаталарды келтіру оңай. Біз бәріміз өмірдің шекті екенін білеміз, біз қайтыс боламыз және денелеріміз ғаламды шарлап өтетін шаң бөлшектеріне айналады. Алайда бір нәрсені білу міндетті түрде оны түсінуге алып келмейді. Әсіресе, сөз өлім туралы болса, біздің өміріміздегі ең табу тақырыптардың бірі.

Белгілі бір себептермен өмірдің қысқалығы туралы идея менің басымда біраздан бері отыр. Бірнеше ай бұрын мен 30-ға толдым. Әдетте күнделікті өмір отбасы мүшелеріммен және туыстарыммен жеңіл кешкі астан кейін әдеттегідей жалғасатын. Бұл жолы емес. Бірдеңе басқаша болды. Не екенін білмеймін. Мүмкін, ол 30 санының дөңгелек болуымен байланысты шығар. Мүмкін, ол 30 саны 72 санының шамамен жартысы болуымен байланысты шығар. Ал 72 жас болса әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы екен. Не болса ол болсын, бірақ өмірдің қысқалығы туралы сезім санамнан кетер емес.

Былай қарасақ, 30 жыл ол өте ұзақ уақыт сияқты. Шынымен де, менің есімде көп нәрсе бар екен. Менің 4-ші туған күнім әлі есімде. Ата-анам студенттік жатақханадағы кішкентай бөлмеде бір тамаша туған күн өткізген еді. Достарыммен қалай ойнағаным есімде. Әлі күнге дейін сол күннен суреттерім бар. Бірақ, содан бері 26 жыл көзді-ашып жұмғанша өтіп кетті. Адам есейген сайын өмір тезірек өтеді дейді. Болашақ жылдар қаншалықты тез өтетінін елестету бір жағынан қорқынышты.

Қорқыныш туралы айтатын болсақ, адам өмірінің шектілігі туралы идея қорқынышты немесе мұңды болуы шарт па? Бұл біздің жасауға, сүюге, бөлісуге және зерттеуге деген ерік-жігерімізді тұншықтыруы керек пе? Әлде бұл сезім бізді бұдан да үлкен күш-қуатпен, бәлкім орынды шұғылдылық сезіммен сол заттарды жасауға итермелеуі керек пе? Осы орайда, Стив Джобстың сөздері есімде. Оның аңызға айналған университет түлектеріне айтқан сөзі. Ол өз сөзінде өлім туралы және біздің бұл планетадағы шектеулі уақытымыз туралы айтқан еді. Оның сөздерінің энергиясы өте күшті болғандықтан, мен оны бұрмаламай, бүкіл үзіндіні беруге рұқсат етіңіз. Басында аудармасы келеді, астында оригиналын оқысаңыздар болады.

«Жақында өлетінімді есте сақтау — бұл өмірдегі үлкен таңдау жасауға көмектесетін ең маңызды құрал. Өйткені барлығы дерлік — барлық сыртқы күтулер, барлық тәкаппарлық, ұялудан немесе сәтсіздіктен қорқу — өлімның алдында жойылып, шынымен маңызды заттар ғана қалады. Сіздің өлетіндігіңізді есте сақтау — сізде жоғалтатын нәрсе бар деп ойлаудың тұзағынан құтылудың ең жақсы жолы. Сіз қазір жалаңашсыз.

… Өлім өмірдің ең жақсы өнертабысы болуы мүмкін. Бұл өмірдің өзгерту агенті. Ол жаңаға жол ашу үшін ескіні тазартады. Дәл қазір сіз жаңасыз, бірақ көп ұзамай, бірте-бірте ескіге айналып, тазартыласыз. …

Сіздің уақытыңыз шектеулі, сондықтан оны біреудің өмірімен өткізіп жібермеңіз. Басқа адамдардың ойлауының нәтижелерімен өмір сүретін догманың тұзағына түспеңіз. Басқалардың пікірінің шуы сіздің ішкі дауысыңызды басып кетуіне жол бермеңіз. Ең бастысы, өз жүрегіңіз бен түйсігіңізбен жүретіндей батыл болыңыз».

(“Remembering that I’ll be dead soon is the most important tool I’ve ever encountered to help me make the big choices in life. Because almost everything — all external expectations, all pride, all fear of embarrassment or failure — these things just fall away in the face of death, leaving only what is truly important. Remembering that you are going to die is the best way I know to avoid the trap of thinking you have something to lose. You are already naked.

…Death is very likely the single best invention of Life. It is Life’s change agent. It clears out the old to make way for the new. Right now the new is you, but someday not too long from now, you will gradually become the old and be cleared away. …

Your time is limited, so don’t waste it living someone else’s life. Don’t be trapped by dogma — which is living with the results of other people’s thinking. Don’t let the noise of others’ opinions drown out your own inner voice. And most important, have the courage to follow your heart and intuition.”)

Стив Джобс осы сөзін бөлісіп жатқанда, өлім туралы идея оған бөтен емес еді. Осы кезде Стив Джобс ұйқы безінің қатерлі ісігімен күресіп жатқан болатын. Ол өмірдің қысқалығын жақсы түсінді және осы қарапайым ескертуді жаңа бітірген түлектерге жеткізгісі келді. Ол болса, одан да көп нәрсені жасады. Оның сөзі бүкіл әлемге тарап, миллиондаған адамдарды өздерінің ішкі армандарына жетуге шабыттандырды.

Айтылған сөздің сиқыры — өлім атты жағымсыз идеяның бізді армандарымыз бен принциптерімізбен өмір сүруге итермелейтін пайдалы күшке айналуында жатыр. Осы көзқараспен қарасақ, өмірдің қысқалығы жеке бақытты кеміретін ұсқынсыз құрттан адамды армандардың, мұраттардың, шабыттардың биігіне көтеретін көбелекке айналады. Бұл қандай әдемі көбелек.

Memento Mori.

--

--